Пресс релизы KZ

Үкімет тыңайтқыштарды субсидиялауға 48 млрд теңгеден астам қаражат бөлді

Үкімет резервінен 48,4 млрд теңге (органикалық тыңайтқыштардан басқа) тыңайтқыштарды субсидиялауға бөлінді деп, ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

Бұл шара Мемлекет басшысының 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін екі есе арттыру және топыраққа енгізілетін минералды тыңайтқыштардың деңгейін ғылыми негізделген қажеттіліктің 50 пайызына дейін жеткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қабылданды.

Қаражат Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне нысаналы ағымдағы трансферттер түрінде бөлінеді.

Негізгі басымдық – тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау механизміне беріледі. Бұл отандық зауыттарға бюджет қаражатын алдын ала аударып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне төмендетілген бағамен тыңайтқыштарды жеткізуге мүмкіндік береді. Осы шаралардың арқасында тыңайтқыштарды енгізу деңгейі алғаш рет ғылыми негізделген қажеттіліктің 40 пайызына жетті. 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш 21 пайыздан аспаған.

Мемлекеттің ауыл шаруашылығына көрсеткен уақтылы қаржылық қолдауы көктемгі егіс жұмыстарына сапалы дайындалуға, фермерлерді тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге және нәтижесінде жоғары әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді.

8-10 сәуірде Астанада өтетін Grow Expo Astana көрмесінде Башинком, КосАгроКоммерц, Hosta Life World, Питер Пит, Лад және басқа да жетекші өндірушілердің тыңайтқыштары ұсынылады. Кең ауқымды тыңайтқыштар ассортиментімен танысып, топырақтың құнарлылығын арттыратын тиімді шешімдерді табыңыз.