Пресс релизы KZ

Еліміздегі ең ірі жылыжай кешені Шымкентте салынуда

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Alarko Holding түрік компаниясының вице-президенті Шахин Аббасомен келіссөздер жүргізді. Кездесуде құны 6 650 млн құрайтын қызанақ өсіру бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Жоба Шымкентте 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған жылыжай кешені мен өнімді қайта өңдеу цехының құрылысын көздейді. Іске асыру екі кезеңде өтеді: біріншісі 45 га, екіншісі — 130 га. Толық қуатқа шыққаннан кейін кешен жыл сайын 51 мың тонна өнім өндіретін болады. Өнімдер ішкі нарыққа да, Ресейге, Катарға және БАӘ-ге экспортқа да жеткізіледі. Жоба аясында 2 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Сонымен қатар, компания Шымкентте жылыжай конструкцияларын шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр, бұл құрылыс мерзімін жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықаралық стандарттар бойынша агро-мамандарды даярлау үшін мамандандырылған академия құрылады.

Тараптар жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын инвестициялық келісімнің жобасы мен шарттарын талқылады.

Серік Жұманғарин инвесторға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтіп, астық, қант қызылшасы мен теріні терең өңдеу сияқты ауыл шаруашылығының басқа да басым секторларында өндірісті ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.