Пресс релизы KZ

214 млрд теңге су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталады: 2026–2028 жылдарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары

Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу үшін алдағы үш жылда 214 млрд теңге бөлінеді, бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Астанада «AMANAT» партиясы ұйымдастырған ауыл әкімдерінің форумы өтті. Диалог алаңы аясындағы «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану тұрғысынан ауыл шаруашылығын дамыту» тақырыбындағы екінші панельдік сессияға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты. Шараға 300-ден астам ауыл әкімі қатысқан.

Министрлік ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған кешенді шаралар пакетін таныстырды. Жаңа тәсілдер биыл қабылданған жаңартылған Су кодексіне негізделген.

Өзен-көлдер мен су қорғау аймақтарында заңсыз су пайдалануға жол бермеу және талаптарды сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Бассейндегі инспекцияларға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін қадағалау өкілеттіктері берілді.
Ирригациялық кондоминиум институты заңнамалық түрде бекітілді. Бұл тетік суару және коллектор-дренаж желілерін тиісті жағдайда ұстауға мүмкіндік береді және олардың жөндеу-қалпына келтіру шығындарын азайтады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы үшін көлемі 2 млн текше метрге дейін қар, жаңбыр және тасқын суларын жинақтайтын қоймалар салуға рұқсат беретін норма енгізілді.

Су үнемдеу технологияларын ынталандыру мақсатында субсидиялау тәсілдері қайта қаралды. Ұңғыма бұрғылау және су үнемдеу жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Су тарифтері бойынша дифференциацияланған субсидиялар енгізілді, олардың мөлшері су үнемдеу жүйелерінің қолданылуына байланысты айқындалады.

2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте инвестициялық субсидияларға 214 млрд теңгеден астам, ал суару суының құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге қарастырылған.

Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, су саласын жүйелі түрде дамыту ауыл шаруашылығының тұрақты өсуі үшін негіз қалыптастырады. Іске асырудың табысты болуы жергілікті атқарушы органдардың үйлестіруіне, мерзімдерді сақтауға және бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына байланысты.

Сессия барысында ауыл әкімдері су қоймаларының құрылысы, каналдарды жаңғырту, суару суымен қамтамасыз ету, пилоттық жобаларды жүзеге асыру және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Дереккөз: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі
2025-12-03 20:02